Түркияға «қашқан» генералдың ісі. Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды

Прокурорлар оны 9 жылға соттауды сұраған


03/04/2023
12:34 19711 0

Фото: Vecher.kz

Жетісу облыстық соты Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялап, істі тоқтатып, прокуратураға қайтарды. 

3 сәуірде өткен сот отырысында судья Үмбетай Абдилла Серік Күдебаевтың ешқайда кетпеу туралы қолхатқа қарамастан, Қырғызстан арқылы Түркияның Стамбұл құаласына кетіп қалғанын, осыған байланысты 31 наурызда оған халықаралық іздеу жариялауға қаулы шығарылғанын айтты. 

– Қолда бар ақпарат бойынша, Серік Күдебаев 2023 жылдың 23 наурызында Қазақстан-Қырғызстан шекарасынан өтіп, сол күні Бішкектің Манас әуежайынан Түркияның Стамбұл қаласына ұшқан. Осыған байланысты прокуратура түсірген талап-арыз бойынша, судья Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялауға қаулы етті, – деді Абдилла. 

Осыдан кейін судья Үмбетай Абдилла негізгі сот ісін қарауға кеңесу бөлмесіне кетіп, үзіліс жариялады. Үзілістен соң судья Күдебаевтың сотқа қатыспауына байланысты істі тоқтатып, Жетісу облыстық прокуратурасына қайтаруға қаулы етті. 

– ҚР ҚПК 335-бабына сәйкес, басты сот отырысы сотталушының қатысуымен өтуі тиіс. Қазіргі уақытта Күдебаевтың мекен-жайының анықталған жоқ. 341-бапқа сот істі тоқтату қажет деп есептейді. Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялануына байланысты іс тоқтатылып, Жетісу облыстық прокуратурасына қайтарылады, – деді Абдилла.

Серік Күдебаевтың үстінен Қаңтар оқиғасы бойынша ҚР ҚК 362-бабы (қызмет өкілеттігін асыра пайдалану) және 146-баптары (азаптау) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұған дейін үш бірдей сот отырысына денсаулығана байланысты келе алмағандығы айтылған. Ол бүгінгі сотта соңғы сөзін айту керек болған. 

Прокурорлар судьядан Күдебаевты кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. 

Серік Күдебаев Қаңтар оқиғасына дейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бір болған. Бұған дейін Қаңтар оқиғасы басталған уақытта Күдебаевқа тікелей бағынатын арнайы жасақ сарбаздары Алматы маңында демалып жатқан Назарбаевты күзеткен деген ақпарат тараған. 

Поделиться

Нет комментариев.

03/04/2023 12:34
19711 0

Уведомление